ДССССРБСЖМСНЖК
Үйлерді (ғимараттарды) ғибадат үйлері (ғимараттары) етіп қайта бейіндеу (функционалдық мақсатын өзгерту) туралы шешім беру

Жүктеу (DOC 81 Kb)

Дiни қызмет саласындағы мемлекеттiк көрсетiлетiн қызметтер стандарттарын бекiту туралы

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрiнiң 2015 жылғы 23 сәуiрдегi № 147 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiнде 2015 жылы 26 мамырда № 11183 тiркелдi.

"Мемлекеттiк көрсетiлетiн қызметтер туралы" 2013 жылғы 15 сәуiрдегi Қазақстан Республикасының Заңы 10-бабының 1) тармақшасына сәйкес, БҰЙЫРАМЫН:

1. Қоса берiлiп отырған:

7) осы бұйрықтың 7-қосымшасына сәйкес "Ғибадат үйлерiн (ғимараттарын) салу және олардың орналасатын жерiн айқындау туралы шешiм беру" мемлекеттiк көрсетiлетiн қызмет стандарты;

8) осы бұйрықтың 8-қосымшасына сәйкес "Үйлердi (ғимараттарды) ғибадат үйлерi (ғимараттары) етiп қайта бейiндеу (функционалдық мақсатын өзгерту) туралы шешiм беру" мемлекеттiк көрсетiлетiн қызмет стандарты бекiтiлсiн.

2. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлiгiнiң Дiн iстерi комитетi заңнамада белгiленген тәртiппен:

1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркелуiн;

2) мемлекеттiк тiркелуiнен кейiн он күнтiзбелiк күннiң iшiнде осы бұйрықтың мерзiмдi баспа басылымдарында және "Әдiлет" құқықтық-ақпараттық жүйесiнде ресми жариялануға жолдауын;

3) осы бұйрықтың ресми жарияланғаннан кейiн Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлiгiнiң интернет-ресурсында орналасуын қамтамасыз етсiн;

4) осы тармақпен көзделген iс-шаралардың орындалуы туралы мәлiметтердi iс-шараларды орындағаннан кейiн он жұмыс күнi iшiнде Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлiгiнiң Заң қызметi департаментiне ұсынуды қамтамасыз етсiн.

3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Мәдениет және спорт вице-министрi М.А. Әзiлхановқа жүктелсiн.

4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнiнен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.

Қазақстан Республикасы
Мәдениет және спорт министрi                                                                    А. Мұхамедиұлы

"КЕЛIСIЛДI"

Қазақстан Республикасы

Ұлттық экономика министрi

_______________ Е.Досаев

2015 жылғы " "

Қазақстан Республикасы
Мәдениет және спорт
министрiнiң
2015 жылғы 23 сәуiрдегi
№ 147 бұйрығына
8-қосымша

"Үйлердi (ғимараттарды) ғибадат үйлерi (ғимараттары) етiп қайта бейiндеу (функционалдық мақсатын өзгерту) туралы шешiм беру" мемлекеттiк көрсетiлетiн қызмет стандарты

Ескерту. 8-қосымша жаңа редакцияда — ҚР Дiн iстерi және азаматтық қоғам министрiнiң 26.07.2017 № 113 (алғашқы ресми жарияланған күнiнен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) бұйрығымен

1-тарау. Жалпы ережелер

1. "Үйлердi (ғимараттарды) ғибадат үйлерi (ғимараттары) етiп қайта бейiндеу (функционалдық мақсатын өзгерту) туралы шешiм беру" мемлекеттiк көрсетiлетiн қызметi (бұдан әрi — мемлекеттiк көрсетiлетiн қызмет).

2. Мемлекеттiк көрсетiлетiн қызмет стандартын Қазақстан Республикасы Дiн iстерi және азаматтық қоғам министрлiгi әзiрлеген.

3. Мемлекеттiк көрсетiлетiн қызметтi облыстардың, Астана және Алматы қалаларының жергiлiктi атқарушы органдары (бұдан әрi — көрсетiлетiн қызметтi берушi) көрсетедi.

Өтiнiштi қабылдау және мемлекеттiк көрсетiлетiн қызмет нәтижесiн беру:

1) көрсетiлетiн қызметтi берушiнiң кеңсесi;

2) "Азаматтарға арналған үкiмет" мемлекеттiк корпорациясы" коммерциялық емес акционерлiк қоғамы (бұдан әрi — Мемлекеттiк корпорация) арқылы жүзеге асырылады.

2-тарау. Мемлекеттiк қызметтi көрсету тәртiбi

4. Мемлекеттiк қызметтi көрсету мерзiмi:

1) көрсетiлетiн қызметтi берушiге немесе Мемлекеттiк корпорацияға құжаттар топтамасы тапсырылған күннен бастап — күнтiзбелiк 30 (отыз) күн.

Мемлекеттiк корпорацияға жүгiнген жағдайда Мемлекеттiк корпорациясының құжаттарды қабылдау күнi мемлекеттiк қызметтi көрсету мерзiмiне кiрмейдi;

2) көрсетiлетiн қызметтi алушы көрсетiлетiн қызметтi берушiге құжаттар топтамасын тапсыру үшiн рұқсат етiлген ең ұзақ күту уақыты — 30 (отыз) минут, Мемлекеттiк корпорацияға — 15 (он бес) минут;

3) көрсетiлетiн қызметтi алушыға көрсетiлетiн қызметтiң рұқсат етiлген ең ұзақ уақыты көрсетiлетiн қызметтi берушiде — 30 (отыз) минут, Мемлекеттiк корпорациясында — 20 (жиырма) минут.

5. Мемлекеттiк қызметтi көрсету нысаны — қағаз түрiнде.

6. Мемлекеттiк қызметтi көрсету нәтижесi — үйлердi (ғимараттарды) ғибадат үйлерi (ғимараттары) етiп қайта бейiндеу (функционалдық мақсатын өзгерту) туралы шешiм немесе көрсетiлетiн қызметтi берушiнiң осы стандарттың 10-тармағында көзделген жағдайлар және негiздер бойынша мемлекеттiк қызметтi көрсетуден бас тарту туралы дәлелденген жауап.

Мемлекеттiк көрсетiлетiн қызмет нәтижесiн ұсыну нысаны — қағаз түрiнде.

7. Мемлекеттiк қызмет жеке және заңды тұлғаларға (бұдан әрi –көрсетiлетiн қызметтi алушы) тегiн көрсетiледi.

8. Жұмыс кестесi:

1) көрсетiлетiн қызметтi берушi — Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес демалыс және мереке күндерiн қоспағанда, дүйсенбi — жұма аралығында сағат 13.00-ден 14.30-ға дейiн түскi үзiлiспен сағат 9.00-ден 18.30-ға дейiн.

Өтiнiштi қабылдау және мемлекеттiк қызметтi көрсету нәтижесiн беру сағат 13.00-ден 14.30-ға дейiн түскi үзiлiспен сағат 9.00-ден 18.30-ға дейiн жүзеге асырылады.

Өтiнiштi қабылдау алдын ала жазылусыз және жеделдетiлген қызмет көрсетусiз кезек күту тәртiбiмен жүзеге асырылады.

2) Мемлекеттiк корпорация — Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес жексенбi және мереке күндерiнен басқа, дүйсенбiден бастап сенбiнi қоса алғанда, белгiленген жұмыс кестесiне сәйкес түскi үзiлiссiз сағат 9.00-ден 20.00-ге дейiн.

Құжаттарды қабылдау электрондық кезек тәртiбiмен, көрсетiлетiн қызметтi берушiнiң орналасқан жерi бойынша, жеделдетiлген қызмет көрсетусiз жүзеге асырылады, электрондық кезектi портал арқылы броньдауға болады.

9. Мемлекеттiк көрсетiлетiн қызметтi көрсету үшiн қажеттi құжаттар тiзбесi:

Көрсетiлетiн қызметтi алушы (не сенiмхат бойынша оның өкiлi) көрсетiлетiн қызметтi берушiге жүгiнген жағдайда:

1) осы мемлекеттiк көрсетiлетiн қызмет стандартына 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтiнiш;

2) жеке тұлғалар үшiн — жеке басын куәландыратын құжаттың көшiрмесi немесе заңды тұлғалар үшiн — салыстырып тексеру мақсатында құжаттардың түпнұсқасын мiндеттi түрде ұсына отырып, дiни бiрлестiктi мемлекеттiк тiркеу (қайта тiркеу) туралы куәлiктiң немесе анықтаманың көшiрмесi;

3) жылжымайтын мүлiктiң техникалық паспортының көшiрмесi қоса берiлген құқық белгiлеушi құжаттың көшiрмесi және (немесе) жер учаскесiне нотариалды куәландырылған сәйкестендiру құжаттың көшiрмесi, не салыстырып тексеру үшiн құжаттардың түпнұсқалары ұсынылады;

4) жылжымайтын мүлiк нысанына ауыртпалықтардың жоқ екендiгi туралы анықтама;

5) меншiк иесiнiң үйдi (ғимаратты) ғибадат үйi (ғимараты) етiп қайта бейiндеуге келiсуi туралы хаты (ғимарат жалға алынған жағдайда ұсынылады);

6) тiркелген дiни бiрлестiктiң басшысы қол қойған ғибадат үйiн (ғимаратын) қайта бейiндеу туралы еркiн нысандағы анықтама-негiздеме (ғибадат үйiнiң (ғимаратының) атауы және оған тиесiлi болатын дiни бiрлестiктiң, қайта бейiндеудiң мақсаттарын, аталған аумақтағы дiни қажеттiлiгiн қанағаттандыруға мұқтаж келушiлер санын, ғибадат үйiнде (ғимаратында) қызмет ететiн дiни қызметкерлердiң үмiткерлерi көрсетiледi);

7) үйлердi (ғимараттарды) қайта бейiндеу жоспарланып отырған аумақта әрекет ететiн жергiлiктi қоғамдастық жиналысының (жиынының) немесе үй-жайлардың (пәтерлердiң) меншiк иелерi жиналысының ғибадат үйiн (ғимаратына) қайта бейiндеуге (жақын маңда ғибадат үйi (ғимараты) аумағымен шектесетiн (сонымен қатар, шекара аралығында сервитут, автомобиль жолы өтетiн болса) тұрғын үйлер болған жағдайда ұсынылады) келiсетiнi туралы шешiмiнiң көшiрмесi.

Жергiлiктi қоғамдастық жиналысы (жиыны) немесе кондоминиум объектiсiнiң органы болмаған жағдайда жеке тұлғаның немесе заңды тұлғаның ғибадат үйiне немесе ғимаратына қайта бейiндеуге келiсiмi туралы хаты ұсынылады (үй-жай орналасқан ғимараттың аумағымен шектесетiн (оның iшiнде, шекара аралығында сервитут, автомобиль жолы өтетiн болса) жеке тұлғаның үйi, заңды тұлғаның үй-жайы болған жағдайда ұсынылады).

Құжаттарды қабылдап алған адамның тегi, аты, әкесiнiң аты (болған жағдайда) көрсетiле отырып, кiрiс құжаттарын қабылдаған күнi, уақыты және нөмiрi бар, көрсетiлетiн қызметтi берушiнiң мөртаңбасы қойылған көрсетiлетiн қызметтi алушы өтiнiшiнiң көшiрмесi осы тармақта көрсетiлген құжаттар топтамасын көрсетiлетiн қызметтi алушыдан көрсетiлетiн қызметтi берушiнiң қабылдап алғанын растау болып табылады.

Көрсетiлетiн қызметтi алушы мемлекеттiк көрсетiлетiн қызметтiң осы стандартында көзделген тiзбеге сәйкес құжаттардың топтамасын толық ұсынбаған және (немесе) қолданылу мерзiмi өтiп кеткен құжаттарды ұсынған жағдайларда көрсетiлетiн қызметтi берушi өтiнiштi қабылдаудан бас тартады;

Көрсетiлетiн қызметтi алушы Мемлекеттiк корпорацияға (жеке басын сәйкестендiру үшiн жеке басын куәландыратын құжатты көрсеткен кезде) жүгiнген жағдайда:

1) осы мемлекеттiк көрсетiлетiн қызмет стандартына 1-қосымшада берiлген нысан бойынша өтiнiш;

2) тiркелген дiни бiрлестiктiң басшысы қол қойған ғибадат үйiн (ғимаратын) қайта бейiндеу туралы еркiн нысандағы анықтама-негiздеме (ғибадат үйiнiң (ғимаратының) және оған тиесiлi болатын дiни бiрлестiктiң атауы, қайта бейiндеудiң мақсаттары, аталған аумақтағы дiни қажеттiлiгiн қанағаттандыруға мұқтаж келушiлер саны, ғибадат үйiнде (ғимаратында) қызмет ететiн дiни қызметкерлердiң үмiткерлерi көрсетiледi);

3) жылжымайтын мүлiк нысанына ауыртпалықтардың жоқ екендiгi туралы анықтама;

4) меншiк иесiнiң үйдi (ғимаратты) ғибадат үйi (ғимараты) етiп қайта бейiндеуге келiсуi туралы хаты (ғимарат жалға алынған жағдайда ұсынылады);

5) үйлердi (ғимараттарды) қайта бейiндеу жоспарланып отырған аумақта әрекет ететiн жергiлiктi қоғамдастық жиналысының (жиынының) немесе үй-жайлардың (пәтерлердiң) меншiк иелерi жиналысының ғибадат үйiн (ғимаратына) қайта бейiндеуге (жақын маңда ғибадат үйi (ғимараты) аумағымен шектесетiн (сонымен қатар, шекара аралығында сервитут, автомобиль жолы өтетiн болса) тұрғын үйлер болған жағдайда ұсынылады) келiсетiнi туралы шешiмiнiң көшiрмесi.

Жергiлiктi қоғамдастық жиналысы (жиыны) немесе кондоминиум объектiсiнiң органы болмаған жағдайда жеке тұлғаның немесе заңды тұлғаның ғибадат үйiне немесе ғимаратына қайта бейiндеуге келiсiмi туралы хаты ұсынылады (үй-жай орналасқан ғимараттың аумағымен шектесетiн (оның iшiнде, шекара аралығында сервитут, автомобиль жолы өтетiн болса) жеке тұлғаның үйi, заңды тұлғаның үй-жайы болған жағдайда ұсынылады).

Мемлекеттiк корпорация арқылы құжаттарды қабылдау кезiнде көрсетiлетiн қызметтi алушыға тиiстi құжаттарды қабылдап алғандығы туралы қолхат берiледi.

Жеке басын куәландыратын, дiни бiрлестiктi мемлекеттiк тiркеу (қайта тiркеу) құжаттары, жылжымайтын мүлiктiң құқық белгiлеушi құжаты, техникалық паспорты және (немесе) жер учаскесiнiң сәйкестендiру құжаты туралы мәлiметтердi Мемлекеттiк корпорацияның қызметкерi "электрондық үкiмет" шлюзi арқылы тиiстi мемлекеттiк ақпараттық жүйелерден алады.

Мемлекеттiк корпорация қызметкерi мемлекеттiк қызмет көрсету кезiнде егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, ақпараттық жүйелердегi заңмен қорғалатын құпияны құрайтын мәлiметтердi пайдалануға көрсетiлетiн қызметтi алушының келiсiмiн алады.

Көрсетiлетiн қызметтi алушы осы тармақтағы көзделген тiзбеге сәйкес құжаттардың топтамасын толық ұсынбаған жағдайда Мемлекеттiк корпорация қызметкерi осы мемлекеттiк көрсетiлетiн қызмет стандартына 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтiнiштi қабылдаудан бас тартқаны туралы қолхат бередi.

Мемлекеттiк корпорацияда мемлекеттiк көрсетiлетiн қызметтiң дайын нәтижесiн беру тиiстi құжаттардың қабылданғаны туралы қолхат негiзiнде жеке басының куәлiгiн (немесе оның сенiмхат бойынша өкiлi) көрсеткен кезде жүзеге асырылады.

Мемлекеттiк корпорация нәтижесiнiң 1 (бiр) ай сақталуын қамтамасыз етедi, одан кейiн оларды көрсетiлетiн қызметтi берушiге 1 (бiр) жыл бойы сақтауға бередi. Бiр ай мерзiм өткеннен кейiн көрсетiлетiн қызметтi алушы жүгiнген кезде Мемлекеттiк корпорацияның сұрауы бойынша көрсетiлетiн қызметтi берушi 1 (бiр) жұмыс күн iшiнде мемлекеттiк қызмет көрсетудiң дайын нәтижелерiн Мемлекеттiк корпорацияға көрсетiлетiн қызметтi алушыға беру үшiн жолдайды

Ескерту. 9-тармақ жаңа редакцияда — ҚР Дiн iстерi және азаматтық қоғам министрiнiң 16.04.2018 № 41 (алғашқы ресми жарияланған күнiнен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) бұйрығымен.

10. Егер дiни бiрлестiктердiң қызметi:

1) бiр дiннiң үстемдiгiн орнықтыруға, зорлық-зомбылықпен немесе зорлық-зомбылыққа үндеумен және өзге де құқыққа қарсы iс-әрекеттермен байланысты дiни өшпендiлiктi немесе алауыздықты қоздыруға бағытталса;

2) Қазақстан Республикасының азаматтарын, шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдарды дiнге көзқарасын айқындауда, дiни бiрлестiктердiң қызметiне, дiни жораларға және (немесе) дiндi оқып-үйренуге қатысуына немесе қатыспауына қандай да бiр мәжбүрлеуге бағытталса;

3) Қазақстан Республикасының азаматтарына, шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдарға зорлық-зомбылық көрсетуге, олардың денсаулығына өзге де зиян келтiруге, ерлi-зайыптылардың некесiн бұзуға (отбасының бұзылуына), туыстық қарым-қатынастарды тоқтатуға, имандылыққа нұқсан келтiруге, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын бұзуға, азаматтарды Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарында көзделген мiндеттерiн атқарудан бас тартуға түрткi болуға және Қазақстан Республикасының заңнамасын өзге де бұзушылыққа бағытталса;

4) Қазақстан Республикасының азаматтарын, шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдарды, оның iшiнде қайырымдылық қызмет арқылы және (немесе) олардың дiни бiрлестiктерден шығуына кедергi келтiретiн, оның iшiнде Қазақстан Республикасы азаматтарының, шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдардың материалдық немесе өзге де тәуелдiлiгiн пайдалана отырып бопсалау, күш қолдану немесе күш қолданамын деп қорқыту жолымен не алдау жолымен өз қызметiне мәжбүрлеп тартуға бағытталса;

5) дiни бiрлестiктiң қатысушыларын (мүшелерiн) және дiн ұстанушыларын дiни бiрлестiктiң, оның басшылары мен басқа да қатысушыларының (мүшелерiнiң) пайдасына өздерiне тиесiлi мүлкiн иелiленуге итермеуге бағытталса;

6) егер дiни бiрлестiктiң қызметi дiндi және дiни көзқарастарды пайдалана отырып, мемлекеттiк органдардың қызметiне қасақана iрiткi салуға, олардың үздiксiз жұмыс iстеуiнiң бұзылуына, елдегi басқарушылық деңгейiн төмендетуге әкеп соғатын шешiмдердi қабылдауға және iс-әрекеттер жасауға түрткi болуға бағытталса;

7) мемлекеттiк көрсетiлетiн қызметтi алу үшiн көрсетiлетiн қызметтi алушы ұсынған құжаттардың және (немесе) олардың құрамындағы деректердiң (ақпараттардың) дұрыс еместiгi анықталған жағдайда;

8) мемлекеттiк қызметтi алушыға қатысты белгiлi бiр мемлекеттiк көрсетiлетiн қызметтi алуға талап ететiн қызметтi немесе қызметтiң жекелеген түрлерiмен айналысуға тыйым салатын заңды күшiне енген сот шешiмi болса;

9) мемлекеттiк көрсетiлетiн қызметтi көрсетуге қажеттi дiн iстерi және азаматтық қоғам саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк органның келiсiм сұратуға терiс жауабы, сондай-ақ сараптаманың, зерттеудiң немесе тексерудiң терiс қорытындысы;

10) көрсетiлетiн қызметтi алушыға қатысты соттың заңды күшiне енген үкiмiнiң болуы, оның негiзiнде көрсетiлетiн қызметтi алушының мемлекеттiк көрсетiлетiн қызметтi алумен байланысты арнайы құқығынан айырылса, мемлекеттiк қызмет көрсетуден бас тарту үшiн негiз болып табылады.

3-тарау. Мемлекеттiк көрсетiлетiн қызмет мәселелерi бойынша қызмет берушiлердiң және (немесе) олардың лауазымды адамдарының, Мемлекеттiк корпорацияның және (немесе) олардың қызметкерлерiнiң шешiмдерiне, iс-әрекеттерiне (әрекетсiздiктерiне) шағымдану тәртiбi

11. Көрсетiлетiн қызметтi берушiнiң iс-әрекеттерiне (әрекетсiздiктерiне) шағым қызметтi берушiнiң басшысының атына немесе осы мемлекеттiк көрсетiлетiн қызмет стандартының 14-тармағында көрсетiлген мекенжайлар бойынша жолданады.

Көрсетiлетiн қызметтi берушiнiң кеңсесiне қолма-қол, сол сияқты поштамен түскен шағымның қабылдануының расталуы оның тiркелуi (мөртабан, кiрiс нөмiрi мен тiркеу күнi шағымның екiншi данасына немесе шағымға iлеспе хатқа қойылады) болып табылады.

Көрсетiлетiн қызметтi берушiнiң мекенжайына келiп түскен көрсетiлетiн қызметтi алушының шағымы тiркелген күнiнен бастап 5 (бес) жұмыс күнi iшiнде қаралуы тиiс.

Мемлекеттiк корпорация қызметкерiнiң iс-әрекеттерiне (әрекетсiздiктерiне) шағым осы мемлекеттiк көрсетiлетiн қызмет стандартының 14-тармағында көрсетiлген мекенжайлар бойынша Мемлекеттiк корпорация басшысының атына жолданады.

Мемлекеттiк корпорацияға қолма-қол, сол сияқты поштамен түскен шағымның қабылдануының расталуы оның тiркелуi (мөртабан, кiрiс нөмiрi мен тiркеу күнi шағымның екiншi данасына немесе шағымға iлеспе хатқа қойылады) болып табылады.

Көрсетiлген мемлекеттiк қызметтiң нәтижелерiмен келiспеген жағдайда, көрсетiлетiн қызметтi алушы мемлекеттiк қызмет көрсету сапасын бағалау және бақылау жөнiндегi уәкiлеттi органға шағым бере алады.

Мемлекеттiк қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөнiндегi уәкiлеттi органға келiп түскен көрсетiлетiн қызметтi алушының шағымы тiркелген күнiнен бастап 15 (он бес) жұмыс күнi iшiнде қаралады.

12. Көрсетiлген мемлекеттiк қызмет нәтижелерiмен келiспеген жағдайда, көрсетiлетiн қызметтi алушы заңнамада белгiленген тәртiппен сотқа жүгiнуге құқылы.

4-тарау. Мемлекеттiк көрсетiлетiн қызметтi, оның Мемлекеттiк корпорация арқылы көрсету ерекшелiктерi ескерiле отырып қойылатын өзге де талаптар

13. Тiршiлiк әрекеттерiн шектейтiн ағза функцияларының тұрақтылығы өзгерiп, денсаулығы бұзылған көрсетiлетiн қызметтi алушыдан мемлекеттiк қызмет көрсету үшiн құжаттарды қабылдау қажеттiлiгi кезiнде бiрыңғай байланыс-орталығына жүгiну арқылы тұрғылықты жерi бойынша Мемлекеттiк корпорацияның қызметкерi шыға отырып жүргiзедi.

14. Мемлекеттiк қызмет көрсетiлетiн жердiң мекенжайлары: көрсетiлетiн қызметтi берушi: www.diаkom.gov.kz;

Мемлекеттiк корпорация: www.gov4c.kz интернет-ресурсында орналасқан.

Ескерту. 14-тармақ жаңа редакцияда — ҚР Дiн iстерi және азаматтық қоғам министрiнiң 16.04.2018 № 41 (алғашқы ресми жарияланған күнiнен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) бұйрығымен.

15. Көрсетiлетiн қызметтi алушының мемлекеттiк қызметтi көрсету тәртiбi мен мәртебесi туралы ақпаратты қашықтықтан қол жеткiзу режимiнде мемлекеттiк қызмет көрсету мәселелерi бойынша көрсетiлетiн қызметтi берушiнiң және Бiрыңғай байланыс-орталығының интернет-ресурстарында көрсетiлген телефондар арқылы алуға мүмкiндiгi бар.

16. Бiрыңғай байланыс-орталығы: 1414, 8-800-080-7777.

Мақаланың шыққан күні: 18.04.2016 15:59
Парақтағы соңғы өзгерістер: 23.05.2018 14:50
Қаралым саны: 2222

egov.kz - мемлекеттік қызметтер және ақпарат онлайн

 

Сайттың әзірлеуші ИНТЕГРО Компаниясы
Яндекс.Метрика